2016 жылдың 21 қарашасында С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы «Әлемдік философия күніне» орай есімі әлем жұртына әйгілі шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей мырзамен кездесу өткізді. Мәдени-тәрбиелік іс-шараға кафедра оқытушылары мен студенттер қауымы қатысты.
Алқалы бас қосудың алғы сөзін алған кафедра меңгерушісі З.У. Бисембаева жиналған қауымды әлемдік философия күнімен құттықтай отырып, философия ғылымының қазіргісі мен болашағы, заманауи мәселелері туралы ойларымен бөлісті. Келесі сөз кезегін шығыстанушы-ғалым Ислам Жеменей «Адам және сана» тақырыбында жалғады.Ғалым қазақ тарихы мен мәдениеті туралы танымдық шолу жасай отырып, қазіргі қоғамдық сана, адам, жастар туралы толғаныстарын ортаға салды. Танымдық дәрістің мәні − сана ұғымының ақыл түсінігімен зерделене келіп бір жүйеге тоғысуында болды.Ғалым сана ұғымының ауқымдылығын жан-жақты айқындап берді. Адам табиғатындағы, қазақ дүниетанымындағы тәуелсіздік түсінігінің ерекшеліктері мен маңыздылығына ерекше тоқталып өтті. Ел тәуелсіздігінің баянды болуына ақ тілегін білдірді.
Қорытынды сөз алған кафедра доценті Ғ.Т. Рсалдина, кафедра оқытушылары мен студенттер қауымы көкейлерінде жүрген жүрекжарды ойларымен бөлісті. Кафедра ұжымы мәдени іс-шара қонағы Ислам Жеменей мырзаға алғыстарын білдіріп, «ғалымға кітаптан артық сыйлық болмас» ниетімен кітап табысталды.