2025 жылғы 4 қарашада ортопедиялық стоматологияның даму келешегіне арналған «Инновациялық серпіліс. Ортопедиялық стоматологиядағы дамудың перспективалары» тақырыбында студенттердің ғылыми-зерттеу конференциясы өтті. Іс-шара ортопедиялық стоматология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Алтынбеков Қ.Д.-ның 70 жылдық мерейтойына арналды.
НИРС жұмысына стоматология факультетінің 3–5 курс студенттері мен ортопедиялық стоматология резиденттері қатысты. Баяндамаларда мамандықтың ең өзекті бағыттары қарастырылды: реставрациялар мен протездердің түсін таңдауда, ортопедиялық емдеуді жоспарлауда және материалдарды таңдауда жасанды интеллектті қолдану; протездеуде VR/AR-технологияларын пайдалану; стоматологтарды даярлау үдерісін цифрлық және ЖИ-құралдар арқылы ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Ерекше қызығушылық тудырған баяндамалар қатарында коронкалар мен протездерді дайындауда стоматологияда лазерлік 3D-басып шығару технологиясын қолдану, интраоральды сканерлеудің дәлдігін дәстүрлі слепок алу әдістерімен салыстыру, толық тіссіз жақтарда протездік емдеудің жаңа цифрлық протоколының клиникалық нәтижелері, сондай-ақ дентальды имплантациядан кейін жақ сүйектерінің сүйек тінінің беріктігіне қымыздың әсері туралы зерттеулер болды. Резиденттер шайнау тиімділігін қалпына келтіру бойынша клиникалық жағдайларды және пародонт аурулары кезінде цифрлық технологияларды қолдану тәжірибесін ұсынды.
Секция жұмысы аяқталғаннан кейін ұсынылған зерттеулер бойынша жалпы талқылау өткізілді, қатысушыларға өнімдері бар презентациялық пакеттер табысталды, сондай-ақ демеушілердің құнды сыйлықтары берілді.
НИРС қорытындысы бойынша қазылар алқасы студенттер мен резиденттердің жоғары дайындық деңгейін, таңдалған тақырыптардың өзектілігін және жұмыстардың ортопедиялық стоматологияға заманауи цифрлық әрі инновациялық технологияларды енгізуге бағытталғанын атап өтті. Ең үздік зерттеулерді әрі қарай дамытуға, ғылыми конференцияларға қатысуға және профильдік басылымдарда жариялауға ұсыну жоспарлануда.
XIV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция «Фармация және стоматологияның басымдықтары: теориядан практикаға»
2025 жылғы 27 қарашада С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті «Фармация және стоматологияның басымдықтары: теориядан практикаға» атты XIV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияны өткізудің негізгі алаңы болды. Іс-шара аясында стоматологияның заманауи даму бағыттарына арналған секцияға айрықша назар аударылды.
Стоматологиялық бағдарлама блогы клиницистерді, зерттеушілерді, докторанттарды, резиденттерді және студенттерді біріктіріп, стоматологиялық аурулардың профилактикасы, диагностикасы және емдеудің өзекті мәселелерін кең ауқымда қарастырды. Талқылаудың өзегінде балалар стоматологиясындағы заманауи емдеу тәсілдері, стоматологиялық тәжірибедегі онкологиялық қырағылық (онконастороженность) мәселелері, сондай-ақ кешенді емдеуді жоспарлау барысында ортодонттар, ортопедтер және имплантологтардың өзара тығыз ықпалдастығының маңыздылығы болды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын биокерамикалық материалдарды қолдануға және ортопедиялық әрі терапиялық стоматологияда CAD/CAM-технологияларын енгізуге арналған баяндамалар тудырды. Цифрлық протоколдарды қолдану есебінен реставрациялардың дәлдігін арттыру, клинико-зертханалық кезеңдердің мерзімін қысқарту және емнің ұзақ мерзімді нәтижелерін жақсарту туралы деректер ұсынылды.
Бағдарламада стоматологиядағы лазерлік хирургиялық емдеу әдістері де маңызды орын алды. Баяндамашылар лазерлік технологиялардың араласу травматизмін төмендетуде, жазылу мерзімдерін қысқартуда және пациенттердің жайлылық деңгейін арттырудағы артықшылықтарын көрсететін клиникалық мысалдар келтірді.
Конференцияның жеке бір тренді ретінде стоматологиялық практикада жасанды интеллектіні қолдану мәселелері қарастырылды. Клиникалық және рентгенологиялық деректерді талдауға, дәрігерлік шешім қабылдауды қолдауға, сондай-ақ стоматологтарды даярлауға арналған цифрлық білім беру платформаларын дамытуға бағытталған жобалар таныстырылды. Баяндамалар қазіргі таңда ЖИ стоматологиялық көмектің сапасын, дәлдігін және жеделдігін арттырудың маңызды құралына айналып келе жатқанын айқын көрсетті.
Конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Әзербайжан және басқа да елдердің тәжірибелі мамандары мен зерттеушілерінің қатысуы, сондай-ақ жетекші стоматологиялық және фармацевтикалық компаниялардың қолдауы кәсіби қауымдастықтың ҚазҰМУ-дың ғылыми әзірлемелеріне жоғары қызығушылығын және инновациялық технологияларды клиникалық стоматологияға енгізуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.


