ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМ – МАҚТАНЫШЫМ МЕНІҢ

2018 жылдың 5 желтоқсанында мейіргер ісі мамандығының 18-002- топ студенттері, стоматология факультеті мен педатрия факультетінің 18-007-2- топ студенттерінің қатысуымен «ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМ – МАҚТАНЫШЫМ МЕНІҢ» атты әдеби-танымдық кеш болып өтті. Кешті ұйымдастыруға үш факультеттің студенттері атсалысып, кештің қызықты өтуіне өз үлестерін қосты. Кештің жүргізушілері: Гайдарқызы Балнұр және Сабыркей Диас.

Кешті ұйымдастырушылар: тілдік пәндер кафедрасының доценттері Р.Н.Дәрменқұлова, Ж.Т.Исаева, оқытушы А.Қ.Серікқалиева.

«ЕГЕМЕНДІ ЕЛІМ – МАҚТАНЫШЫМ МЕНІҢ» атты әдеби-танымдық кештің мақсаты: Қ.Р.Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өмірі мен шығармашылыққа толы атқарылған істері туралы мәліметтер беру. Елбасының ел үшін жасаған істерін үлгі – өнеге ету. Студенттерді отанды сүюге, елбасы туралы мағлұмат алуға, адамгершілікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу, тәуелсіздікке жету жолында атқарылған жұмыстарға шолу жасай отырып, ұлтжандылықты бойларына дарыту.

Кеш барысында «Тәуелсіздік күні» және «Елбасы –ел тірегі» деген екі тақырыпта слайд көрсетілді. Танымдық кеш болғандықтан екі факультет арасында сайыстар ұйымдастырылды. I кезең. Елбасы өмірі мен қызметі туралы болды. Бұл кезеңде студенттер «Сандар сыр шертеді» сайысында өз білімдерін тексеріп Мәңгілік елдің тарихына шолу жасады. II кезең. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың әлемге Қазақстанды таныту жолындағы еңбектері баяндалды. III кезең. Н.Ә.Назарбаев – бүгінгі заман көшбасшысы.

Студенттер тәуелсіздік туралы және ҚР рәміздері, елбасы, Отан туралы өлеңдерді жатқа оқып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Педиатрия факультетінің студенті Балғабай Жанар қазақ және ағылшын тілдерінде ән орындап, студенттердің қошеметіне бөленді. МІ факультетінің студенті Яблонская Виктория «Елбасына» деген өлеңді нақышына келтіріп орындаса, стоматология факультетінің студенті Абдурахманов Дінмұхамед «Менің Президентім» атты монологты оқыды. Балтабекова Ақерке, Бектлеуова Наргиз, Тулағанов Бахтияр елбасы туралы өлең шумақтарын оқыды. Сондай – ақ, фармациядағы өндіріс технологиясы мамандығында 1–курста оқитын Сыдық Айсұлу халық әні «Әгугайды» домбыраның сүймелдеуімен айтса, жалпы медицина факультетінің студенті Бекен Балауса «Мереке» әнін жанды дауыспен шырқады. Кештің ашылу рәсімінің алдында мұражайда елбасы Н.Ә.Назарбаев туралы фильм көрсетілді. Кеш жоғары деңгейде өтті.

Тәуелсіздік, тәуелсіздік – жыр –әнім,

Көк байрағым, Елтаңба, Әнұраным.

Атыңнан айналайын, Тәуелсіздік,

Қолда елімді қасиетті құраным!

Ғасырлардан жаһұттай жиған қылық.

Жасасын тәуелсіздік, бейбітшілік!

Ел болып көтерілген шаңыраққа

Тілейміз бақыттылық, баяндылық!