2018 жылдың 25 мамыры сағат 10.00-де С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ мұражайында Жастар саясаты басқармасы, Тәрбие жұмысы және білім алушыларды әлеуметтік қолдау бөлімінің бас маманы, т.ғ.к. Р Жармағанбет, Қазақстан тарихы және ӘГП кафедрасының бірлесіп ұйымдастырған «С.Ж.Асфендияров мұрасы – ұрпаққа аманат» атты дөңгелек үстел болып өтті. Сонау зұлматты жылдардан көрініс беретін деректі фильммен басталған дөңгелек үстелді кафедра меңгерушісі З.У.Бисембаева ашты. Студенттерге ашаршылық заманының қилы сәттерін сипаттап, өткен ХХ ғасыр қазақ халқының тарихында ұлы оқиғалармен есте қалатындығын, сол оқиғалардың ішінде «Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың басынан өткен 1930-38 жылдар ауыр да азапты кезең болғандығын айтты. 31-мамыр – бүкіл қазақ баласы көкірегін қарс айырып, бір сәт күрсінетін күн. Қаскөй саясаттың қанқұйлы қасап-қыспағынан қапыда мерт болған қаншама қазақ баласын жоқтайтын күн екендігін ескертіп айтты.
Дөңгелек үстелді әрі қарай ЖМ мектебінің 1-курс студенті Теңізбай Жансая жалғастырып, ғалымның өмір жолынан бастап, зерттеу обьектілеріне толықтай түсініктемелер беріліп, атқарған жұмыстары мен ғылыми ізденістерін сараптап шықты.
Одан әрі сөз алған кафедра доценті К.А.Тулентаева «С.Ж.Асфендияров ғылыми мұрасы: зерттелу мәселелері» тақырыбында баяндама жасады. Онда С.Ж.Асфендияровтың тарихи мұрасын зерттеген тарихшылардың (Х.М.Әділгереев, Х.М. Әбжанов, Р.Б. Сүлейменов, А. Жүнісбаев) ой-пікірлері ортаға тасталды. Мәселен, Қазақстан жерінде қоғамдық-экономикалық формацияның түрлері, қазақ халқының этногенезі, қазақтардың ру-тайпалары, Қазақстанның Ресейге қосылуы, Қазақстан және Орта Азия республикаларының ұлттық-территориялық межеленуі үрдістері мәселесі талқыға түсті. Кеңестік кезең тарихшыларының сол жүйе жағдайында қарастыра келе берген бағамдарына назар аудартылды. Олардың С.Асфендияровтың кітабында берілген дұрыс бағыттары мен ол жіберген қателіктер деп танылған сұрақтар айқындалып айғақталды.
«Тарихқа тағылым – өткенге тағзым» тақырыбында баяндама оқыған кафедра оқытушысы М.М.Сембаева 1930-38 жылдар аралығында болып өткен тарихы құнды мәліметтерді түсіндіріп, қазіргі жарқын өмір үшін сара жолды салып берген ата-бабаларымызды ұмытпай, мәңгі есте сақтау керек екендігін баса айтты.
ЖМ мектебінің 2 курс студенттері дайындап әкелген жыр-шумақтары мен өлеңдер де дөңгелек үстелге ерекше әсер бере білді.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған кафедра доценті Ғ.Т.Рсалдина президентіміздің рухани жаңғыру бағдарламасы аясында ұйымдастырылып жатқан кез-келген іс-шараның, соның ішінде ұлыларды ұлықтауға арналған осындай кештердің орны ерекше екендігін баса айтып өтті. Бұл дүниелер келешек ұрпақтың санасына гуманистік сипат пен патриоттық сезімдерді сыйлауға негіз бола біледі деп айтып өтті.