Терапиялық стоматология кафедрасы 1962 жылдың көктемінде ұйымдастырылды. Кафедра негізінен жаңадан құрылғандықтан клиникалық, әдістемелік және оқу материалдары болған жоқ. Ең басты қиындық – білікті педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі еді. Сол кезеңде кафедра ұжымы Алматы қаласының түрлі стоматологиялық мекемелерінен шақырылған тәжірибелі дәрігерлерден құралды. Ұжымды медицина қызметінің полковнигі Александр Иванович Фефелов басқарды.
1968 жылдан бастап медицина ғылымдарының докторы, профессор Давид Лазаревич Корытныйдың жетекшілігімен ғылыми мектеп қалыптаса бастады: кандидаттық диссертациялар қорғалды, ғылыми мақалалар, тезистер, баяндамалар жарық көрді. Әлемде алғаш рет стоматологияда төмен қарқынды лазерлік сәулеленуді қолдануға патент алынды. Авторлары – Корытный Д.Л., Зазулевская Л.Я., Жукова И.И.
Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР профилактикалық медицина академиясының және РФ лазерлік ғылымдар академиясының академигі Зазулевская Л.Я. жетекшілігімен кафедраның ғылыми ұжымы айтарлықтай кеңейді, 300-ден астам ғылыми еңбек, монографиялар мен оқу құралдары жарық көрді, алыс және жақын шетелдерде халықаралық конференцияларда баяндамалар жасалды, 8 ғылым докторы және 40 ғылым кандидаты дайындалды. ХХ ғасырдың 90-жылдарында әлемде алғаш рет лазермен тісжегі қуыстарын егеп-тазалау әдісі игерілді.
Қазіргі уақытта кафедра ұжымында 19 оқытушы бар, олардың қатарында 3 профессор, 4 доцент, 12 ассистент бар. Олардың ішінде 3 медицина ғылымдарының докторы, 4 ғылым кандидаты, 7 жоғары санатты және 2 бірінші санатты дәрігер бар. Кафедраның профессорлық-оқытушылық құрамы Алматы қаласының тұрғындарына ғана емес, еліміздің басқа өңірлеріне де кеңес беру жұмыстарын жүргізеді.
Студенттерге терапиялық стоматологияның теориялық негіздері мен практикалық дағдылары үйретіледі, сондай-ақ кәсіби ойлау, шешім қабылдау және профилактика, диагностика және емдеу алгоритмдерін қолдану қабілеттері қалыптастырылады.
«Терапиялық стоматология» кафедрасы өз қызметін жаңа әдістемелік және ұйымдастырушылық-әдістемелік оқыту тәсілдерін зерттеу мен енгізуге, сонымен қатар кредиттік-модульдік білім беру жүйесі бойынша оқу процесін жаңғыртуға бағыттайды. Сабақтар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі.
Кафедраның ғылыми-зерттеу қызметі тіс ауруларының этиопатогенезін, заманауи және инновациялық диагностикалық және емдеу әдістерін зерттеуге бағытталған. Кафедра өзінің ғылыми және әдістемелік қызметінде ҚазҰМУ университетінің басқа бөлімдерімен және Қазақстан Республикасының басқа жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

